Қасиетті Ертіс-Баян өңірінің рухани қарашаңырағы саналатын Ж.Аймауытов театры 1990 жылы 7-желтоқсанда режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтың сахналауында М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен алғаш шымылдығы түрілді. Қойылым симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп, дирижері Болат Рахимжанов болды. Театрдың директоры болып Бектас Тапалшинов тағайындалды. Көрнекті театр қайраткері, сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Алматы Өнер институтының ректоры Ә.Сығай театрға «музыкалық комедия және театр» бөлімінің бітіруші студенттерін жолдамамен жіберіп, үлкен үлес қосты. Театр сахнасында ұлттық драматургиямен қатар, әлем классиктерінің үздік шығармалары қойылды.
ТАРИХ
М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қаракөз», У.Шекспирдің «Король Лирі», А.П. Чеховтың «Шағала», Еврипидтың «Медея», И.Кальманның «Сильва», «Мистер Икс», И.Штраустың «Жарқанат», Ф.Эрвенның «Түлкі Бикеш», И.Цагарели «Ханума», М.Байсеркеұлы «Абылай хан», «Кене хан» сонымен қатар, осы заманғы драматургтердің пьесалары, Д.Исабековтың «Әпке», «Мұрагерлер», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ә.Таразидің «Жақсы кісі», С.Балғабаевтың «Бізде ғашық болғанбыз», И. Байзақовтың «Ақбөпе», Ш. Айтматовтың «Ана-Жер Ана»,Ж. Аймауытовтың «Ақбілек», «Шернияз», Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ұлпан Есеней», Мольердің «Сараң», К.Голдонидің «Венециялық егіздер», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», А.Ихсанның «Соңғы Мамонт», Ш.Айматовтың «Жәмила», Е.Төлеубайдың «Кербез келіндер» т.б. қойылымдар театр сүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Театр тәуелсіздік жылдары 150-ге жуық қойылым сахналады.
1992 жылдың 21-сәуірінде ҚР үкіметінің қаулысымен театрға Жүсіпбек Аймауытов есімі берілді.
2014 жылдың қыркүйек айында драматург, жазушы, ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіпбек Аймауытовқа театр алаңында ескерткіш орнатылды.
Театр жетістіктері:
1995 жылы Египеттің Каир қаласында Халықаралық театрлар фестиваліне «Айман-Шолпан» спектаклімен қатысып лауреат атанды.
2002 жылы Д.Исабековтың 60 жылдық мерейтойына арналған Республикалық фестиваліне «Әпке» спектаклімен қатысып «Ең үздік режиссер» номинациясын Е.Тәпенов, Омар ролі үшін әртіс С.Бекболатов иеленді.
2004 жылы Қостанай қаласында ХІІ Республикалық театрлар фестивалінде Еврипидтің «Медея» спектакльдегі Медея үшін «Ең үздік әйел ролі» номинациясынмен ҚР еңбек сіңірген әртісі Ж.Чайкина марапатталынды.
Астанада өткен VI Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінде М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» спектаклімен қатысып «Ең үздік театр труппасы» номинациясын және М.Медетов «Ең үздік дебют» номинациясын жеңіп алды.
2005 жылы Қызылорда қаласы ХІІІ Республикалық театрлар фестивалінде А.П.Чеховтың «Шағала» спектаклі үшін «Ең үздік режиссер» номинациясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Е.Тәпенов, Аркадина ролі үшін «Ең үздік әйел ролі» номинациясын ҚР еңбек сіңірген әртісі Ш.Байғабылова иеленді.
Шымкент қаласында Қ.Жандарбековтың 100 жылдық мерейтойына арналған Республикалық әншілер фестивалінде актриса А.Таспаева І орынды жеңіп алды.
2008 жылы Египет, Стамбул қаласында өткен Халықаралық эксперементалдік театрлар фестиваліне М.Шахановтың «Отырар Дастаны» поэтикалық спектаклімен қатысып, үлкен шығармашылық шабытпен оралды. Осы жылы Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVI Республикалық фестиваліне Эдуардо де Филипоның «Филумена Мартурано» спектаклімен қатысып І орынға ие болды.
2015 жылы Павлодар қаласында Ж.Аймауытовтың 120 жылдығына орай өткен фестивальге қатысып, сарапшылардың жоғары бағасын алды.
2016 жылы Атырау қаласында ұйымдастырылған Р.Отарбаев атындағы фестивалінде өнер көрсетіп лауреат атанды.
2017 жылыдың сәуір айында Түркістан қаласында өткен Ж.Шанин атындағы фестивальге қатысып, театр актері Бекболат Оқасов «Үздік ер адам ролі» номинациясын жеңіп алды.
2017 жылдың қараша айында Жезқазған қаласында ұйымдастырылған Ж.Хаджиев атындағы фестивальға «Оян Қазақ, ойлан Қазақ» спектаклімен өнер көрсетіп, театр актері Бекболат Оқасов «Үздік ер адам ролі» номинациясымен марапатталды.
2018 жылдың қараша айының 10-14 жұлдызы аралығында Өскемен қаласында өткен, режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формада сахналанған спектакльдердің ІІ Республикалық театр фестивалінде О.Бөкейдің «Атау-Кере» драмасымен қатысып, ШҚО әкімі Д.Ахметовтың «Алғыс хатына» ие болды. Сонымен қатар, театрымыздың актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева «Екінші пландағы әйел адам ролі» номинациясымен марапатталды.
10-14 маусым еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін VII халықаралық «SAMGAU» фестивалінде К.Гольдонидің «Венециялық егіздер» /реж: Б.Шамбетов/ комедиясымен қатысып сыншылардың жоғары бағасына ие болды.
2019 жылдың қыркүйек айының 20-25 күндері Семей қаласында өткен Ә.Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма таетрларының XXVII республикалық фестиваліне Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» драмасымен қатысып, қойылым режиссері Жангелді Садықов «Үміт» номинациясымен марапатталды.
2019 жылдың қазан айының 11-14 аралығында, Ақтау қаласында өткен Ә.Кекілбаевтың 80-жылдығына арналған «ABISH ALEMI» I халықаралық фестивалінде У.Шекспирдің «Король Лир» /реж:Ә.Ақанов/ моноспектаклімен қатысып театр ұжымы лауреат атанды.
2021 жылдың 17-21 қыркүйек күндері, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалы драма театрының 25 жылдығына орай, ІІІ аймақаралық фестивальде театр ұжымы үздік ойын көрсетіп «Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясын ұтып алды.
Аталмыш фестиваль аясында ұйымдастырылған волейбол турнирінде театр командасы бас жүлдені жеңіп, екі бірдей жүлдені қанжығасына байлады.
2021 жылдың қыркүйек айының 22-24 жұлдызы аралығында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында, ҚазКСР халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі (Серке) Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер Жанат Әубәкірұлы Хаджиев атындағы театр форум-фестиваліне театрымыздың Әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек, актерлер Бауыржан Манатбекұлы, Рахат Жұмаханов, Нұржан Әбіласан қатысып шеберліктерін шыңдады.
2022 жылдың 22 қыркүйегінде Орал қаласы, Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай өтіп жатқан І республикалық моноспектакльдер фестивалінде У.Шекспирдің «Король Лир» моноспектаклі «Үздік сценография» номинациясын жеңіп алды.
2023 жылдың 31 наурызында Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында, Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойы мен халықаралық театр күніне орай өтіп жатқан халықаралық комедиялық театр фестивалінде театр ұжымы К.Гольдонидің «Венециялық егіздер» комедиясын қатысып «Үздік режиссерлік шешім» номинациясы жеңіп алды.
2023 жылдың маусым айының 7-10 аралығында Атырау қаласы, Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен өткен режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Чапай Зұлхаш атындағы тұңғыш рет Республикалық режиссерлар мен сценографтардың фестиваль-форумында Жүсіпбек театры Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» қойылымымен қатысып, театрымыздың талантты актрисасы Бахаргүл Құрбанова Елена Сергеевна ролі үшін «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алды.
2023 жылдың 24 қыркүйегінде С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен КСРО Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІI Республикалық «Сын-шын болсын» театр фестиваліне Жүсіпбек театры Ш.Құдайбердіұлының «ҰЖДАН» қойылымымен қатысып «ҮЗДІК АНСАМБЛЬ» номинациясын жеңіп алды.
2023 жылдың 4 қазанында Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалінде Жүсіпбек театры Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен өнер көрсетіп «Б.Римова атындағы арнайы жүлде» номинациясына және Аманат партиясының АРНАЙЫ ЖҮЛДЕСІНЕ ие болды.
2023 жылдың 14 қазанында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Петропавл қаласында мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiне Жүсіпбек театры Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен қатысып «Үздік режиссерлік шешім» номинациясын иеленді.
2023 жылдың 2 қарашасында Театр ұжымы Мәскеуде өткен Халықаралық «ПОДМОСКОВНЫЕ ВЕЧЕРА» фестивалінде Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен өнер көрсетіп, Гран-Приден кейінгі екінші жүлде, «ҮЗДІК АНСАМБЛЬ» номинациясын ұтып алды.
2023 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі «Қазақстан театрлары – 2023» атты мониторинг жүргізген болатын. Біз үшін биылғы 2023 жыл табысты болып, 54 театрдың ішінен үздіктер қатарынан көрінді. ЖЫЛ ТЕАТР МЕНЕДЖЕРІ: Арман Темірбек, ЖЫЛДЫҢ АКТЕРЛІК АНСАМБЛІ: Ш.Құдайбердіұлы «Ұждан» спектаклі, ШЕТЕЛДІК РЕЖИССЕРДІҢ ЖЫЛ ҚОЙЫЛЫМЫ: Ш.Құдайбердіұлы «Ұждан» - Режиссері: Азамат Нигманов, У.Шекспир «Ричард ІІІ» - Режиссері: Сергей Левицкий, ЖЫЛ АКТЕРІ: Бауыржан Манатбекұлы -У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымындағы - Ричард рөлі үшін, ЕКІНШІ ПЛАНДАҒЫ ЖЫЛ АКТЕРІ НОМИНАЦИЯСЫ: Рахат Халық - У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектакліндегі Бекингем рөлі үшін, ЭПИЗОДТЫҚ РОЛЬДЕГІ ЖЫЛ АКТРИСАСЫ НОМИНАЦИЯСЫ: Талжібек Атамбек- У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектакліндегі Королева ана рөлі үшін, ЭПИЗОДТЫҚ РОЛЬДЕГІ ЖЫЛ АКТЕРІ НОМИНАЦИЯСЫ: Медет Садығазин - Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектакліндегі эпизодтық рөлі үшін, Темірлан Мұқатай -У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектакліндегі эпизодтық рөлі үшін.
Сондай-ақ, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі «Қазақстан театрлары – 2023» сараптамасы нәтижесінде, «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының ШЕТЕЛДІК РЕЖИССЕРДІҢ ЖЫЛ ҚОЙЫЛЫМЫ номинациясымен У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» - қойылымы (режиссері: Сергей Левицкий) марапатталды.Театр басшысы - Арман Темірбек
Көркемдік жетекші - Әділет Мерхатұлы Ақанов
Бас режиссер - Сергей Левицкий