ТЕАТР ЕРЕЖЕЛЕРІ
КЕЛУ
Құрметті көрермен! Қолайсыз жағдайларға тап болмау үшін, театраға қойылым басталғанға дейін 15-20 минут ерте келуге кеңес береміз. Бұл жағдайда сіз сыртқы киіміңізді гардеробқа тапсырып, қойылым бағдарламасымен танысып, көрермен залында өз орныңызды асықпай алып үлгересіз. ҚАУІПСІЗДІК
Сіздердің қауіпсіздіктеріңізді сақтау– біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сол себепті театр ғимаратында тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Сізге, сондай-ақ айналадағы көрермендерге ыңғайлы болу үшін гардеробта үлкен сөмкелер мен рюкзактарды қалдыруға кеңес береміз. Бұл адамдар өтетін жолдарда бір-біріңізге бөгет болмауға көмектеседі. ҮШІНШІ ҚОҢЫРАУ
Үшінші қоңырау берілгеннен кейін көрермен залына кіруге жол берілмейді. Адам жүрісінің дыбыстары мен қараңғы залда орын іздеп жүрген адамдардың қозғалысы басқа көрермендер мен әртістерге кедергі келтіреді. Қойылымда антракт (үзіліс) бар болған жағдайда, әкімшілік сізге орныңызға өтуіңізді ұсынады. ГҮЛ
Қойылым жүріп жатқан кезде әртістерге арнайы әкелген гүлді зал әкімгерлеріне қалдыруыңызға болады. Көрермендер гүлді әртістерге өздері сыйлаған бізді өте қуантады. Алайда сіздің және жаныңыздағы көрермендердің жайлылығы үшін сыйыңызды зал қызметкерлері арқылы беріп жіберуіңізге болады. ФОТО ЖӘНЕ БЕЙНЕТҮСІРІЛІМ
Көрермендер залында фото және бейнетүсірілімге тыйым салынбайды. Алайда түсірілім тек жарқылдақсыз, әрі дыбыссыз режимге смартфонға жүргізілуі керек. Кәсіби түсірілім пресс-атташе арқылы келісілген болуы тиіс. ЭТИКЕТ
• Көрермендер залына тамақпен, алкогольді және беті жабылмайтын ыдыстарға құйылған сусындармен кіруге тыйым салынған. Сусындар алкогольсіз және қақпағы бұралып жабылатын ыдыста болуы керек. Бұл сусындардың төгілуінің алдын алуға көмектеседі. • Театрға дала стиліндегі киіммен келмеген жөн. • Қойылым барысында эмоцияларыңызды тым қатты көрсетпеуіңізді өтінеміз. • Сондай-ақ, жаныңызда отырған адамның иығына басыңызды салмаған жөн. Себебі, бұл артыңызда отырған көрерменге қойылым көруге кедергі келтіруі мүмкін. • Спектакль аяқталғаннан кейін бірден гардеробқа асықпаңыз, әртістердің көрерменге бас июін күтіңіз. Бұл сіздің өнерге, театрға және актерлардың еңбегіне деген құрметіңіздің көрсеткіші. ГАРДЕРОБ
Қойылым аяқталғаннан кейін барлық көрермендер асықпай киініп үлгеру үшін гардероб 30 минут жұмыс істейді. Гардеробтағы нөмір мен ілеспе аударманы тыңдауға арналған жабдықтарды жоғалтпаңыз. Жоғалтқан жағдайда оның құнын өтеуге мәжбүр боласыз: нөмір - 500 тг, ілеспе аударманы тыңдауға арналған жабдық - 5000 тг. Жоғалтқан болсаңыз, кезекші әкімшіге жақындаңыз. Ол сізге не істеу керектігін түсіндіріп, көмек көрсетеді. Сіздің сыртқы киіміңіз бен сөмкелеріңіз басқа көрермендерден кейін беріледі, себебі біз заттардың сізге тиесілі екеніне көз жеткізуіміз керек. ТІЛЕГІМІЗ
• Құрметті ересек көрермен! Балаңызды театрға жібермес бұрын оған театр этикеті жайлы айтып, мәдениет ұйымында өзін өзі ұстау ережелерін түсіндіріңіз. • Бала спектакльді көргеннен кейін кішкентай көрерменнен қойылымнан алған әсері мен көрген шығармадан не түсінгенін, қандай ой түйгенін сұраңыз. Бұл баланың елестету қабілетін дамытып, ойы мен сезімін дұрыс жеткізуге үйретеді. БИЛЕТ ҚАЙТАРУ
Билет қайтаруға болатын жағдайлар: • Ойын-сауық шарасы өтетін күнге дейін 10 күн қалғанға дейін билет құнының 100 пайызы қайтарылады; • Спектакль өтетін күнге дейін 10 күннен аз, бірақ 5 күннен көп уақыт қалғанға дейін билет құнының 50 пайыздан кем емес мөлшері қайтарылады; • Спектакль өтетін күнге дейін 5 күннен аз, бірақ 3 күннен көп уақыт қалғанға дейін билет құнының 30 пайыздан кем емес мөлшері қайтарылады; • Билет Тикетон және т.с.с. билеттік агенттерден сатып алынған жағдайда, билет ақшасын қайтару солар арқылы жүргізіледі; • Спектакль басталғаннан кейін билет ақшасын қайтару мүмкін емес. |